Бағдарламаның үшінші бағыты мынадай міндеттерді іске асыруды көздейді:
       1) жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

       2) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру;

       3) жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру.

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Бағдарламаның үшінші бағытының операторы болып табылады.
       5.3.1. Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу

       Бағдарламаға қатысушыларды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:
      1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, кәсіп таңдауда көмек көрсету, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;

      2) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;

       3) әлеуметтік жұмыс орындарын құру;

       4) жастар практикасын ұйымдастыру;

      5) қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру.

      Жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және Заңға сәйкес басым құқықтарды пайдаланатын өзге адамдар жұмыспен қамтамасыз етуде қолдау көрсетілетін Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
      Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
      Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:
      1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, қолда бар мамандық бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби хабардар етуді;

      2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктердің негізінде жұмыс орны мен кәсіп таңдауда кәсіби консультацияны;

      3) нақты кәсіп (мамандық) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.

      Кәсіптік бағдарлау жұмыс іздеген адамдар, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін жүзеге асырылады.
      Кәсіптік бағдарлауды жүргізу тәртібі Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидаларында айқындалады.
      Кәсіптік бағдарлауды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өңірлік кәсіпкерлер палатасын (ӨКП) және жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарта отырып халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.
      Лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
      Жүгінген азаматтар үшін лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді халықты жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларға:
       1) дерекқорда бар бос жұмыс орындарына;

      2) жұмыс берушілер өз бетінше мәлімдеген жұмыс орындарына;

       3) іске асырылатын мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына;

       4) жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері арқылы жұмыс орындарына;

      5) жалақысы ішінара субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына, сондай-ақ жастар практикасын өтуге арналған жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.

      Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру қызметтерін көрсету үшін жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін тартуға құқылы.
      Қажетті біліктілігі болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген Бағдарламаға қатысушылар Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде ТжКБ бар кадрларды даярлауға және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберіледі.
      Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде жобаларды іске асырған кезде халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жобаларға жұмысқа орналасу үшін Бағдарламаға қатысушыларға құрылыс және реконструкциялау кезінде – жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 10 %-ын, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру кезінде жаңадан құрылатын жұмыс орындарының кемінде 15 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.
      Әлеуметтік жұмыс орындарын құру
      Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен уағдаластық бойынша жалақысын субсидиялай отырып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орнын құрады.
      Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады.
      Әлеуметтік жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындардан тыс құрылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды.
      Әлеуметтік жұмыс орындарының саны шектелмейді.
      Әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.
      Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін құрылады, олардың арасында Заңның 20-бабы 2-тармағының 1) – 9) тармақшаларында көрсетілген адамдар басымдыққа ие болады.
      Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:
      1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;

      2) әлеуметтік жұмыс орындарын құруға өтінім берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін (бұдан әрі – тізбе), ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын және нақты жұмыс шарттарын, төленетін еңбекақы мөлшерін және оларды қаржыландыру көздерін бекітеді.

       Жұмыс берушілердің тізбесі қажетіне қарай күнтізбелік жыл ішінде жаңартылып отырады.
      Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға және қаржыландыруға жұмыс берушімен шарт жасасады.
      Жұмыссыздар әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес өтініш пен құжаттарды береді.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда әлеуметтік жұмыс орнына жолдама береді.
      Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны немесе қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлайды.
      Жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушыларға жалақының субсидияланған бөлігін төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды жұмыс берушілердің бюджетке өтеуімен олармен жасалған тиісті шарт бұзылуға тиіс.
      Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
      Бос орын пайда болған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
      Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыруды халықты жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсалған жұмыс беруші шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидия беру жолымен республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырады.
      Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
      Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін үкіметтік емес ұйымдар құратын әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысын субсидиялау мөлшерін жергілікті атқарушы орган дербес белгілейді.
      Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуді жұмыс беруші еңбек шартында белгіленген мөлшердің негізінде нақты жұмыс істеген уақытына ай сайын жүргізеді.
      Орындалатын жұмыстың көлеміне және күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді.
      Жастар практикасын ұйымдастыру
      Жастар практикасы білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында түлектер үшін ұйымдастырылады.
      Жастар практикасы меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтаған кейінгі 3 жыл ішіндегі және жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған.
      Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады.
      Жастар практикасы тұрақты жұмыс орындарынан тыс және бос тұрақты жұмыс орындарынан тыс жүргізіледі. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда құрылмайды.
      Жастар практикасы бойынша жұмыс орындарының саны шектелмейді.
      Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.
      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:
      1) жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;

      2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтінім берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайын және еңбегіне ақы төлеу мен қаржыландыру көздерін айқындайды.

       Ұйымдардың тізбесі жыл бойы қажетіне қарай жаңартылып отырады.
      Халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жастар практикасын қаржыландыруға жұмыс берушімен шарт жасасады.
      Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындары түлектердің білім беру ұйымдарында меңгерген кәсібіне (мамандығына) сәйкес келеді.
      Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыздар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жастар практикасын өту мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама береді.
      Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа қабылдағаны немесе қабылдаудан бас тартқаны туралы хабарлайды.
      Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысатын жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады.
      Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
      Бос орын пайда болған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жастар практикасына жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
      Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыға кәсіптік білімі мен жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекітеді.
      Жұмыс берушілер жастар практикасын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда жастар практикасына қатысушыларға жалақы төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды жұмыс берушілердің бюджетке өтеуімен олармен жасалған тиісті шарт бұзылуға тиіс.
      Жастар практикасын қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
      Түлектер қатарындағы жастар практикасына қатысушыларға жалақыны қаржыландыру еңбек шартына сәйкес алты ай ішінде жүзеге асырылады.
      Республикалық немесе жергілікті бюджеттен айына субсидиялау, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, мөлшері 25 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде) құрайды.
      Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын қоса қаржыландыру және субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына және жастар практикасына 2016 жылы "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы шеңберінде жіберілген адамдарға бұрын жасалған шарттардың мерзімдері аяқталғанға дейін осы Бағдарламаның шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмысын жалғастыруға және жастар практикасын өтуге құқық беріледі.
      Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру
      Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағыттылығы бар.
      Қоғамдық жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады.
      Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
      1) жұмыссыздардың;

      2) жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;

      3) жұмыстың тоқтап тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.

      Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
      1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;

       2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.

      Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы, олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
      Бағдарлама шеңберінде азаматтардың қатысу шарттары және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
      Нақты қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
      1) Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген, шығу өңірлерінен өздігінен қоныс аударған адамдар жаңа жұмыс орнына жұмысқа орналасқан сәттен бастап үш айдан кешіктірмей келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді;

      2) келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлерге Бағдарламаға қатысу тәртібі және шарттары және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету туралы консультация береді;

       3) үміткерлер келіскен кезде келу өңірлерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес құжаттарды қоса бере отырып, нысан бойынша өтініш береді;

      4) келген жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталықтары 10 жұмыс күні ішінде үміткерлердің өтініштері мен құжаттарын Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссияның қарауына жібереді;

       5) аудандық (қалалық) комиссияның отырысы Бағдарламаға қатысуға өтініштер мен құжаттардың келіп түсуі бойынша өткізіледі;

       6) Бағдарламаға қатысуға өтініш берген адамдардың құжаттарын қарау қорытындысы бойынша аудандық комиссиялар 10 жұмыс күні ішінде азаматтарды, оралмандарды Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар әзірлейді;

       7) халықты жұмыспен қамту орталығы аудандық (қалалық) комиссиядан ұсынымдар алғаннан күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы шешім қабылдайды (еркін нысанда);

      8) келген жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталықтары өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ол туралы өтініш берушілерге хабарлайды;

       9) халықты жұмыспен қамту орталықтары қоныс аударушылармен және/немесе оралмандармен жеке әлеуметтік келісімшарт жасасады;

      10) үміткерлерді іріктеу өлшемшарттары халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныстандыру қағидаларына сәйкес айқындалады.

      
       5.3.4. Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету

       Жергілікті атқарушы органдар осы Бағдарлама шеңберінде пайдаланылмаған қаражат қалдығы және жалпы сипаттағы трансферттерді үнемдеу бойынша көрсетілген қаражатты мынадай жұмыс және объектілер түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға пайдалана алады:
      1) әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеу. Сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі;

      2) елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңшаларын жайластыру);

      3) мүгедектердің және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, ағымдағы жөндеу;

      4) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);

      5) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері).

      Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:
       1) жаңа жұмыс орындарын құруды;

      2) инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын ауданда (қалада) тұратын, оның ішінде уақытша тіркелген Бағдарламаға қатысушыларға инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде жұмыс орындарының кемінде 50 %-ын ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Халықты жұмыспен қамту орталықтары осы ауданда (қалада) тұратын, уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, Бағдарламаға қатысушыларды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші-мердігерлерге жібереді.